$ 443.85  474.3  4.8

«Серпін» жобасы серпіліс берді

2014 жылы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы дүниеге келіп, соның аясында көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі. Яғни еліміздің оңтүстік аймақтарындағы елді мекендердің түлектері солтүстікке барып, әлеуметтік жоба негізінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарына қабылданды. Бұл ірі өндірістік аймақтарға кадр даярлау саясатынан туындаған жоба болатын. Оңтүстік өңірлерде демографиялық ахуал жақсарған, яғни оқу орындарына түсетін талапкерлер жеткілікті. Бұған балалар бақшасына баратын балақайлардың көптігін, университетке түсуге талаптанушылардың толастамайтынын қосыңыз. «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы арқылы жастарды жұмыспен қамту, оларға мамандық беру оңтайлы шешілмек. Осы бағытта былтыр 7 жоғары оқу орны үшін 1050 грант, 23 колледжге білім алушыларға 35 мамандық бойынша 1000 грант бөлінген еді. Оңтүстік Қазақстан облысының түлектері арасынан жоғары оқу орындарына – 540, арнаулы оқу орындарына 326 жас қабылданды.

Ал, биыл «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында 5000 грант бөлініп отыр. Оның 1500 гранты педагогикалық, 3000 гранты техникалық, 500 гранты ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына бөлінді. Түлектер 18 жоғары оқу орнының бірін таңдай алады. 33 кәсіптік-техникалық колледжге 1200 грант беріліп отыр.

Облыс әкімдігінің жанынан құрылған жұмыс тобы өңіріміздегі бітіруші түлектер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде (Облыстық штабтың байланыс телефоны 24-75-13 екенін еске сала кетеміз). Аталмыш бағдарламаны облыс аумағында насихаттау үшін арнайы әлеуметтік жоба әзірленіп, оған облыстық бюджеттен 7 700,0 мың теңге қаралған.

Кеше «Оңтүстік» ақпарат орталығында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов журналистермен брифинг өткізіп, «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Нұрғали Аршабеков, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры Алмасбек Әбсадықов, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Рымбек Жұмашев сөз сөйлеп, оңтүстік жастарын оқуға шақырды, өздеріндегі жеңілдіктер туралы жан-жақты айтып берді. Осы күні олар Жастар орталығында болып, талапкерлермен кездесті. Алдағы уақытта облысымыздың барлық аудандарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары