$ 442.05  474.14  4.74

Адалдық пен адамдық егіз ұғым

Мемлекеттік қызметші жұмысының әр кезеңде де өз қиыншылығы, жауапкершілігі бар. Халық үшін адал еңбек етіп, жемісін көрген жандар жетерлік.

Менің 46 жыл еңбек өтілім болса, соның 23 жылында атқарушы органға қызмет еттім. Ал, мемлекеттік қызметші ретінде Шымкент қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін қала әкімінің орынбасары қызметінде болдым. Біз өте қиын, аласапыран кезеңде еңбек еттік. Мақсат-мүддеміз айқын болғанымен, қолымыз келте болды. Яғни, қаражат тапшылығы қолбайлау еді. Қиындығы сол, біз қоғамдық құрылыстың өтпелі кезеңінде, мемлекеттік басқару жүйесі өзгерген тұста қызмет еттік. Тоқсаныншы жылдары қала әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезде шаїарды газ, су, жарықпен қамтамасыз етуге жауапты едім. Газ сұрап Ташкентке күніне екі рет баратын кездерді, халықтың тұрмыстық қиындықтарға наразылығынан көліктің терезесі сынған күндерді де бастан өткердік. Бірақ, мойымадық. Өзіміздің әрбір ісіміздің мемлекеттің ертеңі үшін, халық үшін жасалып жатқанын жанымызға медеу тұттық.

Қазақстан қазір әлемнің алпауыт елдерінің өзі санасатын деңгейге жетті. Ел экономикасын көтеруде бүгінгі мемлекеттік қызметшілер қал-қадірінше қызмет етіп, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, инвестор тарту арқылы да өркендеп дамуымызға үлес қосуда деп айта аламын. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап пен атқарар жұмыстың ауқымы ұлғайған. Ақпарат ағыны мен жаңалықтар толассыз жаңарып жатқан заманда мемлекеттік қызметші жұмысының күрделілене түсетіні де анық. Алайда, халықтың емес, қалтаның немесе жеке басының қамын ойлаған кейбір жауапсыз қызметшінің кесірінен көпке топырақ шашылып жатады. Бұл әрине, қате түсінік. Таңғы сағат 8-ден түнгі 10-ға дейін дамыл таппай қызмет етіп жүргендер қаншама?! Олардың сол қызметі үшін алатын еңбекақысы да мардымсыз. 40-50 мың теңгенің төңірегінде. Ал, олардың әрбір жұмысына қойылатын талап өте жоғары. Алға қойған мақсаты биік, мұндай еңбекқор мемлекеттік қызметшілердің қатары артып, олар қателіктерге бой алдырмау үшін арнайы мектеп қажет деп білемін. Мәселен, қиын-қыстау кезеңде де ары мен абыройын сақтап, елі үшін еңбектенген азаматтар жетерлік. Солармен айына кемінде 2-3 мәрте кездесу ұйымдастырып, тәжірибе алмасып тұрса, аға буынның кеңесін тыңдаса, қалтаның қамы үшін жүретін бірен-саран қызметшілердің қарасы азаяр еді. Мен Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі қызметінде жүрген кездің өзінде жеке пайдам үшін бір жер телімін алмаған жанмын. Ол кезеңнің өзінде заман ағымына тез бейімделіп, жеке кәсіпкерлігін жүргізіп жатқан азаматтар болды. Алайда, мен бәрінен де арымды биік қойдым.

Мәдениет пен әдебиеттің дамуы, қаланың гүлденуі қажет-ақ дүние. Дегенмен, халық үшін ең маңыздысы –елдің әл-ауқатының артуы. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер халықтың мүддесін жоғары қойып, ары мен абыройын биік әрі таза ұстап, халық үшін қызмет етсе деймін. Олар лауазымның уақытша ғана дүние екенін, ал, адалдық пен әдептілік – мемлекеттік қызметшінің төлқұжаты екенін ұмытпағанын қалаймын.

 Пернебай ӘБУБӘКІРОВ,
зейнеткер, Шымкент қаласының құрметті азаматы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары