$ 498.34  519.72  4.85

Армандар орындалады

Қазақ елінің алдында асқаралы міндет тұр. Ол – әлемдік қауымдастықтың белді бір мүшесі ретінде өркениетті озық елдердің қатарынан көріну. Ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта Қазақстан биік белестерден көріне білді. Оның дәлелі жетерлік. Қол жеткен табыстың төңірегінде тоқтап қалмай оны одан әрі еселеп арттырудың жолы қандай, жөні қайсы? Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған мемлекетті жаңғыртудың бес реформалық бағытының басты мақсаты осы. Жуырда бұл міндетті жүзеге асырудың «100 нақты қадам» атты негізгі механизмі мен іс-шарасы жарияланды. Өз басым өркенді өзгерістердің ұлттық жоспары болып табылатын осы құжатпен қызыға таныстым.

Әсіресе, менің зор ықылас қоя қарап шыққаным «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бөлімі болды. Елімізде бүгінде шағын және орта бизнес саласын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені, ол экономиканы әртараптандырудың негізгі арқауы болуға тиіс. Кәсіпкерлікті кеңінен өркендету арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орташа тұрмысы бар отбасыларды көптеп қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Жеке кәсіпкерлер үшін салық саясатын дұрыс жүргізудің маңызы ерекше. Осыған орай, Қазақстанда оның формасын жетілдіру жөнінде бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Атап айтқанда, салық декларацияларын қабылдау және өңдеудің орталық желісі құрылмақ. Оның маңызы сол, салық төлеушілер өздерінің электронды құжаттарының бірыңғай мұрағатына емін-еркін кіру мүмкіндігіне ие болады. Декларациясын бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар үш жыл бойы қайта тексеруден өткізілмейтін болады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін жанама салық салу тетіктерін нығайтып, қолданыстағы салық режимін оңтайландыруға байланысты шаралар қабылдаудың да маңызы зор деп білемін. Өйткені, қосымша құн салығын тағайындаудың бүгінгі жай-күйі әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Сондықтан оның орнына сатудан түскен пайдадан салық алуды енгізу мәселесі ұсынылып отыр. Мұның бәрі де елімізде шағын және орта бизнесті кеңінен өрістетуге жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Мен ұзақ жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Бұл саланың ыстық-суығы маған жақсы таныс. Қазіргі уақытта әр адамның кәсіпкерлікпен айналысуына елімізде толық жағдай жасалған. Олардың өзін-өзі заң талаптарына сүйене отырып қорғауына, өз құқықтарын талап етуіне мүмкіндік берілген. «100 нақты қадамның» ерекшелігі сол – бірінші кезекте заңның үстемдігін қамтамасыз етудің шаралары жан-жақты белгіленіп отыр. Бұған жоғары білімді заң қызметкері ретінде кепіл бола аламын. Кәсіпкерлер үшін де, өндіріс орындарын көтеруге қатысатын инвесторлар үшін де керегі – осындай құқықтық мемлекет. Әр азамат қоғамда өзін еркін сезініп, өз мүддесін барлық уақытта қорғай алатынына сенімді болуы тиіс. Міне, Елбасының барлық күш-жігері осы мақсатқа жұмылдырылған. Халықтың достығы мен бірлігі, берекелі тұрмыс пен тыныштық, бейбіт еңбек қана елімізді игілікке бастайды. Мемлекеттік құрылымды қайта жаңғыртуды көздеп отырған үлкен стратегиялық жоспардың басты мұраты осында деп білемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары