Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қазақстандық полиция күні мерекесінде елордалық ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне Қазақстанда құрастырылған Peugeot, Skoda және Ssang Yong Kyron маркалы 40 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.
Полицейлік автокөліктердің қатарын толықтырған автомобильдер отандық құрастыру өнімдері болып табылады. Барлық көлік ІІО мәліметтер дерекқорына енуге мүмкіндігі бар борттық компьютерлермен жабдықталған. Компьютерлермен қатар, көліктерге қалалық телефон байланыс қызметі бар заманауи жаңа радиостансалар, оған қоса, жедел кезекшілерге полиция жасақтарын тиімді басқаруға мүмкіндік жасайтын GPS спутниктік жүйесі орнатылмақ.
«Мемлекет басшысы өзінің 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» бағдарламасында полицияны жаңа сапалы кезеңге көтеру үшін бірқатар маңызды тапсырма берген болатын. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу және жергілікті полиция қызметін құру полиция қызметінің, Астана қаласы ішкі істер департаменті жұмысының ұйымдастырылуына оң әсер етеді», - деді Ә.Жақсыбеков.
Қызметтік автокөліктер паркін жаңарту - мемлекеттің құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларының бір бөлігі ғана.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жаңа автокөліктер жол-патрульдік полициясы, учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция инспекторларына беріледі. Қызметтік техника жақын күндері елорда көшелерінен көрінбек.
Айта кетейік, елордалық полицияның техникалық-материалдық базасы жылдан-жылға жақсаруда. Қалалық әкімшіліктің көмегінің арқасында автопарк қызметтік автокөліктерге көбейіп, полиция қызметінің жеделдігі мен сапасына тиімді әсер етіп, елорда тұрғындарының қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді.
Полицияның материалдық-техникалық базасын жақсартудың шеңберінде компьютерлер, бейнебақылау камералары, автокөліктер, байланыс құралдары алынып, олар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуде, қоғамдық тәртіпті қорғауда оң нәтиже береді.