24.06.2015, 18:00

Атырауда аптап ыстық +50 С

Атырауда соңғы бірнеше күннен бері ыстықтың беті қайтпай тұр. Кеше қалада термометр көрсеткіші таңертеңгі сағат 11-де +41 градусты көрсетсе, ал күндізгі сағат 3-те +50 градусқа жетті.

Ал ыстыққа шыдамаған тұрғындар Жайықты жағалап жүр. Тал түсте шаһардағы қос ресми жағажай демалушыларға толы. Қолайлы жағдай жасалмаса да, ыстықтан қорғанудың жалғыз жолы осы, — дейді тұрғындар.

Аптап ыстық ауа райы түрлі аурулардың ушығуына әкелуде. Жедел жәрдем қызметі тұрғындардың шағымына уақытылы жете алмай жатқанын мойындайды. Қарапайым күндері тәулігіне 330-дай қоңырау түссе, соңғы уақытта 1 тәулікте 461 атыраулық денсаулығына шағымданған. Олардың бәрі дерлік аптап ыстықтан ауру жамағандар,- дейді жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері.

Шіліңгір ыстықпен алысқан атыраулықтарға әлі де біраз сабыр сақтауға тура келеді. Өйткені синоптиктер болжамынша, аптап апта аяғына дейін сақталады.

Астана телеарнасы