Кеше қазақтың ойшыл ақыны, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлықтарының иегері Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына байланысты Орал өңірінде ұлан асыр той өтті.
Қазақ халқы шын ақынды қалай құрметтейтінін көрсетті. Алғашқы күні Орал қаласында ақын ескерткіші мен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылды. Ал мерейтойдың жалғасы келесі күні ақынның туған жері Сырым ауданында жалғасты.
Аудан орталығы саналатын Жымпиты ауылында ақынның тағы бір еңселі ескерткіші бой көтеріп, салтанатпен ашылды. Осынау елеулі оқиғамен жиналған жұртшылықты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева құттықтады.