$ 449.58  486.94  4.86

Төле, Қазыбек, Әйтеке үшемі Нью-Йоркті сүйсіндірді

Тәуелсіз Қазақстан тарихында дүниеге келген тұңғыш үшемдер қазақстандықтардың есінде болар. Оларға – Төле, Қазыбек, Әйтеке деп, үш бидің есімдерін қойған да Елбасының өзі болатын.

Бүгінде үшемдер ержетті. Қыркүйек айында 17 жасқа толатын олар өздерін Астана қаласының құрдасымыз деп есептейді. Тәуелсіз еліміздің «үш биі» америкалықтардың да назарын өздеріне аудартып, қазақтың үшеміне Нью-Йорк халқы сүйсінуде. Бұл туралы khabar.kz жазады.

Туғаннан бастап, осы уақытқа дейін үшемдердің өмірі жұрт назарында болды. Дүниеге үшем келгенін естігенде үшемдерді көруге перзентханаға сол кездегі Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі Қырымбек Көшербаевтың өзі арнайы барып, Елбасының құттықтауын жеткізген болатын. Ал Төле, Әйтеке мен Қазыбек үш жасқа толғанда әкесі Исраил Тілеген дипломатиялық қызмет бабымен Лондонға ауысып, үшемдер ағылшын тілді ортада өсті. Әкесінің дипломатиялық қызметіне байланысты шетелде тұрып, Отанынан жырақта өскен үшемдер бес жылдан бері Нью-Йорк қаласында. Алайда олар туған елден алыста жүрсе де халқының тарихын жақсы біледі. Қазақтың үш биінің құрметіне қойылған өз есімдерімен мақтанады.

– Менің есімім – Төле. Мен Қазыбектен 10 минут, ал Әйтекеден 15 минут бұрын дүниеге келгенмін, — дейді үшемдердің үлкені. Біз есімдерімізді мақтан тұтамыз. Өйткені, біздің есімімізді Елбасының өзі қойған. Біз де келешекте қазақтың данышпан үш биі – Төле, Әйтеке мен Қазыбек билердің жолын қуып, ел игілігі үшін қызмет атқарсақ дейміз. Ешқашан өз атымызға сөз келтірмейміз деген сенімдемін.

Үшемдер бүгінде Нью-Йорктегі американдық мектепте білім алуда. Сабақтан кейін олар өздері жазылған спорт секциясына қатысады.

– Біз АҚШ-та тұрып жатқан бес жылда Американың біраз қалаларын араладық. Алайда осы уақытқа дейін Америкада өзіміз секілді үшемдерді кездестіргеніміз жоқ. Бірақ біз көптеген егіздерді білеміз. Мектептегі достарымыз бізді көргенде қатты таңырқаған еді. Олар өзара бір-біріне: «Қараңдар, үшемдер,бір-бірінен айнымайды!» деп жатты, — деп есіне алады Әйтеке.

Тіпті қазақстандық үшемдерді мектептегі мұғалімдер де бір-бірінен айыра алмайды екен. Әсіресе, олар үшін Қазыбек пен Төлені бір-бірінен ажырату қиын көрінеді. Ал сыныптастары олардың сабаққа белсенді қатысып, спортқа деген қызығушылықтарының басым екенін айтады.

– Олар сабаққа өте белсенді қатысады. Суда жақсы жүзеді, сурет те сала алады. Олар бірден мектептің футбол командасына қабылданды. Ағайынды сыныптастарымның арқасында мен Қазақстан туралы көп ақпарат білдім, — дейді олардың сыныптасы Тэйлор Левис.

Үшемдер болашақ мамандығын да таңдап үлгеріпті. Төле келешекте хирург болуды армандаса, Қазыбек архитектор немесе заңгер болғысы келеді. Ал Әйтеке заман талабына сай компьютерді жетік меңгерген бағдарламашы болсам дейді…

Үнемі елден елге, қаладан қалаға көшіп үйренген Тілегендер отбасы қазір жүктерін жинап, жолға шығуға дайын отыр. Алайда олар атамекенге қайтуға асығар емес. Әкесінің қызмет бабымен бұл жолы үшемдер отбасы Кубаға аттанады.

Аян Батыр, aynaline.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары