$ 498.34  519.72  4.85

СІМ Ташкенттен шекарадағы оқиғаны тексеруді талап етті

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Өзбекстанмен шекарада Қазақстан азаматының оққа ұшуына байланысты Өзбекстан жағына наразылық білдірді. Бұл жайында кеше СІМ ресми өкілі Алтай Абибуллаев брифингте мәлімдеді.

28 маусымда кешке Өзбекстанмен шекарада өзбек шекарашылары оқ атып, Оңтүстік Қазақстан облысының бір тұрғынын мерт еткен. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан шекарашылары мерт болған тұрғын мен қазақстандық тағы бір азаматқа Сырдария өзенінің шекара сызығында ескертусіз оқ атқан.

Абибуллаевтың сөзінше, оққа ұшқан азамат Уәлихан Ахметов - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылының 1978 жылы туған тұрғыны.

"Біз Уәлиан Ахметовтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Біз бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, бейбіт уақытта Қазақстан азаматына қару қолдану Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, бауырластық және стратегиялық қарым-қатынасқа қайшы келетінін мәлімдейміз. Біз Өзбекстан жағынан оқиғаның жан-жақты және мұқият тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеміз. Өзбекстан шекарасын бұзды делінгендерге қару қолданылғаны ақылға сыйымсыз" деген Абибуллаев.

Оның сөзінше, қарсылық нотасын тапсыру үшін министрлікке Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі шақыртылған. Оқиғаға қатысы бар Қазақстанның екінші азаматы зардап шекпеген. Қазір ол құқық қорғау органдарына жауап беріп жатыр.

Алтай Абибуллаев қаза тапқан азаматтың отбасына заңға сай көмек көрсетілетінін айтты.

 

http://www.azattyq.org/

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары