$ 494.87  520.65  4.91

Есімов орнын босатады

«Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Астана күні мерекесінен кейін орнын босатады». Осындай қауесет ел арасын кезіп жүр. Есімов мырзаны әкімдіктен бұған дейін де бірнеше рет кетіріп үлгерген жұрт, бұл жолғы сыбысты шынайы ақпарат деп отыр.

Алматы қаласын ұзақ уақыт басқарған Виктор Храпуновтан кейін осы Есімов болса керек. 2008 жылы сәуір айында әкім болып тағайындалған ол қаланың өсу-өркендеуі үшін өз халінше еңбек етті. Бірақ қала халқы мен журналистер қауымы үнемі әкімді сынаумен келеді. Оған қыста қардың уақтылы күрелмеуі, тазалықтың нашарлауы, ұлттық реңктегі шаралардың аз ұйымдастырылатындығы, қаладағы базарлардың бірінен соң бірі өртенуі, айналма жолдар кезінде сүрілген баспаналарға мардымсыз өтемақы төленгені, мәдениет саласына көңіл аударудың азаюы, қала жолдарын жаңарту кезінде шеттегі шағын көшелердің жөнделмеуі, т.б. мәселелер түрткі болды. Әлі де болса алып мегаполистің даму деңгейіне көңілі толмайтын жұрт көп. Кейбір сарапшылар Алматының баяу дамуына әкімшілік кінәлі емес дегенді айтады. Оған Алматының ел астанасы мәртебесінен айырылуы және саяси, экономика құрылымдарының Астанаға шоғырлануы себеп деген уәж білдіреді.

Енді бір топ Есімов әкім болғалы бері қалада кептелістің азайғанын, әкімнің дақпыртсыз жолайрықтарын көбейтіп, қара базарларды жөнге салғанын айтады. Әсіресе, Есімов әкім болған 6 жылдың ішінде Алматы қаласында оннан астам жолайрықтары іске қосылып, қаладағы көлік қозғалысы бір жөнге түскенін жетістік деп бағалайтындар да бар.

Біздіңше, Ахметжан Есімов Алматы қаласы әкімдігінен босайды деген сөздің жаны бар. Бұған дейін еліміздегі басты қалалар мен облыстардың тізгінін ұстағандардың көбі ауысып үлгерді. Тіпті, кейбір аймақтардың бірнеше басшысы орнын босатып, жаңа басшылар тағайындалды. Тек ауыспаған Есімов қана.

Есімов енді қайда барады? Бұл жағы бізге беймәлім. Ауылшаруашылығы министрлігіне барады деген сыбыс бар.

 

Ахметов Алматыға келеді

Алматыға әкім болып Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ахметов келеді. Бұл да жоғарыдан жеткен әңгіменің бір үзігі. Даниал Ахметов Үкіметті басқарған жылдар Қазақстанның даму деңгейі жоғары болғанын экономикалық сарапшылар жиі айтады. 2004-2007 жылдар аралығы ел экономикасы артып, әлеуметті салада недәуір ілгерілеу болды. Қазір ШҚО-ны басқарғанына жарты жылдан асты. Облыстың әлеуметтік саласына, әсіресе сүт, бал өндірісіне айрықша көңіл бөлуді қолға алған Ахметов отандық өндірісті дамыту үшін бар күшін сарп ететінін іспен дәлелдеп жүр.

Алматыға Ахметов келсе, нән шаһардың жаңа тынысы ашылады деген үміт мол. Бірақ ШҚО-ны қолына жаңа алған әкімді не үшін ауыстырады? Бұған басты себеп, Ахметовтың деңгей-дәргейі алып қаланы дамытуға толық жететіндігінен болса керек.

Айтпақшы, Ахметовты Павлодар жұртшылығы да облысты басқаруға ұсынып жүрген көрінеді. Олар көзіқарақты әкімнің аймаққа басшы болып келуін қалайтындықтарын айтып жүр. Бұған дейін Ахметов Павлодарға әкім болып келеді екен деген әңгіме ел арасына тарады.

 

Шығысқа Құл-Мұхаммед барады

Бұдан бұрын, Президент сайлауының алдында «Мұхтар қайда барады?» деген шағын сараптама жасаған едік. Соңғы бірер жылда Президенттің кеңесшісі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед сайлауды ойдағыдай өткізсе министрліктің, яки басқа бір маңызды саланың басшысы болуы мүмкіндігі айтылған. Мұхтар мырза сайлауды жоғары деңгейде өткізді. Бұл жолы сайлау мереке іспетті болды десек, қателеспейміз. Ұсыныс пен сұраныстың арасында ешқандай келіспеушілік болмаған жағдайда, мереке боламай қайтсін?! Бірақ ешқандай басшылық қызмет, ірі лауазым бұйырмағанына таңырқаған жұрт көп. Әдетте, Президенттің көзіне түсу оңай емес. Президент аппаратының бүгінгі басшысы Нұрлан Нығматулин  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған кезін жақсы пайдалана білді. Бұрынғының комсомолдарындай, зырылдап жүріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел мен жерді аралады. Қазіргі қызметіне сол кездегі әбжіл істері септесті дейтіндер көп. Ал Мұхтар Құл-Мұхамед те Нығматулиннен кем түскен жоқ, ай бойы аймақ біткенді аралап шықты. Демек, Мұхтардың жай кеңесші болуы мүмкін емес…

Сонымен, жұрт Мұхтар Абрарұлын ШҚО-ның әкімі болады деп жүр. Біздіңше, қисынға келетін байлам. Бұған дейін биліктің әр сатысынан өткен білікті маман ретінде ол облысты ойдағыдай басқара алатынына сенім кәміл. Сондай-ақ, өңір жұртшылығы Мұхтар Құл-Мұхаммедті елшіл, елгезек басшы ретінде жақсы құрметтейді.

Алдағы бірер аптаның ішінде елімізде ірі тағайындаулар мен орын өзгертулер болады деген сыбыс бар. Неде болса, Астана күні мерекесінен кейін білетін боламыз. 

 

www.dalanews.kz/

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары