$ 498.34  519.72  4.85

Бүгін қасиетті қадір түні

Бүгінгі түн түндердің сұлтаны болған қасиетті Қадір түні. Қадір түнінің мың айдан артық екендігі Қадір сүресінде ашық баян етілген. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды.

Ал, бұл түн туралы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны», – деген. Сондай-ақ, Жаратушы Иеміз «Духан» сүресінде: «Біз ол Құранды берекелі түні түсірдік, және сол түні барлық дана істер белгіленеді», – дейді. Енді осы берекелі түннің сауабынан мақұрым қалмау үшін не істеген дұрыс, қалай өткізген абзал? Бұл туралы ғалымдар былайша тізбектейді: 1. Намаз оқу: тәһәджүд намазын, қаза намаздарын, түрлі нәпіл намаздарды оқыған дұрыс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, ондағы сауабына кенелемін деген мақсатпен намаз оқыса, онда оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.  2. Құран оқу. 3. Алладан кешірім тілеп, Одан дүние-ақіретімізге пайдасы тиер нәрселерді сұрау. Айша (р.а.) анамыз Алла елшісінен (с.а.у.): «Егер Қадір түніне дәл түссем, онда қандай дұға айтайын», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаһуммә иннәкә ғафуун тухиббул ғафуә, фағфу ғанни» ,- деп жауап береді. Мағынасы: «Уә, Жаратушым! Шынында сен жарылқауды жақсы көресің. Мені жарылқай гөр». 4. Дұғамыздың арасында: Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, иман тілеуді де ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде жәбір көріп жатқан мұсылман бауырларымызға Алладан жәрдем сұрайық. 5. Пікірлеу. Алланың ұлықтығы, Исламның ұлықтығы, Құранның ұлықтығына ой жүгірту. Айтылған уағыз-насихаттарды көкейге түю. 6. «Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллахил Ғазим», «Астағфирулла», «әлхамдулилла», «Аллаһу әкбәр», «Лә иләһә иллаллаһ» сынды зікірлерді көбірек айту. Міне, осындай сауапты амалдарды орындай отырып, 83 жылдық сауапты бір түнде қоржынымызға жинап алайық, құрметті мұсылман қауым. Алла істеген қайырлы істерімізге еселеп сауаптан жазсын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары