Өскеменде жер үйлердің бірінен өрт шығып, үш адам қайтыс болды. Тағы екі адам ауыр халде ауруханада жатыр деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 1 маусым күні Невский көшесіндегі 2-ші үйде болды. Өртеніп жатқан үйге өрт сөндірушілер келген сәтте қызыл жалынға оранған үйден денесі күйік шалған бір адам жорғалап шығыпты. Құтқарушылар оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдемге тапсырған. Сондай-ақ, олар үйден төрт адамды алып шығыпты. Олардың үшеуі сол жерде жан тапсырса, біреуі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, 5 адам үйде спирттік ішімдік ішіп отырған. Сол сәтте ауладағы ағаштан соғылған сарай өртеніп, от үйге тез тарап кеткен көрінеді. Дегенмен, мамандар өрттің нақты неден тұтанғанын әлі анықтап жатыр.