Атырауда отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз туберкулез менингитінен қайтыс болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жедел қызмет сарбазы 5 мамыр күні ауыр жағдайда облыстық ауруханаға жеткізілді. Зертханалық зерттеу жүргізілген соң науқастың туберкулезбен ауырғаны расталды. Науқас облыстық туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырылды, сондай-ақ бұл ауруға қарсы препараттармен арнайы ем алды. Бірақ ауру асқынып кеткендіктен, дерті дым ауыр болды. Нәтижесінде, туберкулез аурудың асқынуына байланысты туберкулезді менингит сатысына өтті. Анамнезден анықталғанындай, сарбаз алты ай бойы ауырып, түрлі қалаларда емделген екен”,- деп хабарлады Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы туберкулездің асқынуының нақты себептерін анықтау үшін ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау бөліміне және әскери прокуратураға да хабарландырулар жіберілді.
Денсаулық сақтау басқармасында атап өткендей, әскери қызметкер зертханалық зерттеулермен анықталған менингококк менингитінен қайтыс болмаған.