Ақтауда психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған интернат үйінің директоры ыдыс-аяқ сынған жанжалдан кейін жұмыстан шеттетілді деп хабарлайды Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Қуаныш Берішбаев.
Берішбаевтың сөзінше, № 3 Әлеуметтік арнайы қызмет көрсету орталығындағы жанжал биыл 7 маусымда болған. Мекеме қызметкерлері мен директор арасындағы жанжалдың видеосы Facebook желісінде жарияланды.
"Бұл бейсенбі кешкісін болды. Мен ол адамдармен және мекеме директорымен кездестім. Бүгінде комиссия құрылып, жағдай толық тексеріледі. Директор Шаттыгүл Қаракүшікова жұма, 8 маусымнан бастап қызметінен шеттетілді. Бақылауға алдық. Бұл директор мен 10 қызметкер арасындағы ішкі жанжал ", - дейді басқарма жетекшісі.
Оның айтуынша. тергеу қорытындысы бойынша комиссия ақтық шешім шығарады. "Қызметіне оралуы комиссия шешіміне байланысты. Интернат үйін Еңбек басқармасы да тексеріп жатыр. Мұның алдында мекеме ұжымы шағымданған болатын", - дейді Берішбаев.
Шаттыгүл Қаракүшікова психоневрологиялық интернат үйін 2017 жылдың тамызынан басқарып келеді. Бұл мекемеде 3-тен 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға уақытша немесе үнемі арнайы қызмет көрсетіледі.
Дереккөз: Tengrinews.kz