Павлодарда 31 жастағы ер азамат көпқабатты үйдің 14-қабатынан құлап кетті деп жазады Tengrinews.kz.
Қайғылы оқиға 11 маусым күні түскі уақытта болған. Полицейлердің хабарлауынша, алған дене жарақаттарының ауыр болуынан жігіт оқиға орнында қайтыс болыпты. Марқұм 1987 жылы туған Павлодар қаласының тұрғыны екен.
"Ер азамат 16 қабатты үйдің 14-қабатындағы балконнан құлап кеткен. Қазіргі таңда бұл жайт бойынша "Өзін өзі өлтіруге итермелеу" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптаманың барлығы тағайындалды", - дейді Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, марқұм отбасымен бірге осы үйде тұрған екен. Қазір олар қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтап жатыр.