12.06.2018, 10:36

Жыл басынан бері 1 миллионға жуық сүриялық үйлерінен безіп кетуге мәжбүр болған

Ресми әрі нақты мәлімет бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Сүриядан 920 мың адам еріксіз түрде баспаналарын тастап, өзге елдерге бас сауғалауға мәжбүр болған. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Сүрия дағдарысы жөніндегі аймақтық үйлестірушісі Панос Мумцис Женевадағы штаб-пәтерінде хабарлаған.  

Оның айтуынша, бұл –  Сүрияда 2011 жылы азаматтық соғыс басталғаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Мумцис, сонымен қатар, соңғы айларда Сүрияда ішкі қоныс аударушылар саны едәуір деңгейде артқанын хабарлады.Ол егер осы жағдай одан әрі де жалғаса беретін болса, әлі 2,5 млн бейбіт тұрғын өз қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болатынын айтып, алаңдаушылығын білдірген. Ол ондай жағдайда, босқындардың көпшілігі Түркиямен шекараға бет алатынын да айтты.

Сүриядағы соғыстың 2011 жылдың наурыз айында басталғаны белгілі. Әскерилер көтерілісшілерге оқ жаудырғаннан кейін бейбіт қарсылық шерулері бірден қарулы қақтығысқа ұласқан еді. БҰҰ-ның мәліметінше, осы соғыс салдарынан бүгінге дейін 400 мыңнан астам адам қаза тауып, шамамен 10 миллион сүриялық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ал, 4,8 миллион адам өзге елдерден бассауға тапқан. Ал, соңғы келіп түскен мәліметтерге қарағанда, 8 және 11 маусым аралығында Сүрияның Идлиб қаласына қарасты ауылға жасалған әуе шабуылының салдарынан 13 бүлдіршін қаза тапқан. Бұл туралы ЮНИСЕФ ұйымының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы аймақтық директоры Геерт Кааелер мәлімдеді. Оның сөзінше, әуе шабуылдары негізінен Зерден, Фуа және Кефрей аймақтарына жасалған.

 Дереккөз: The Qazaq Times