Ақтөбелік дәрігерлер бір жыл ішінде облыстағы 100 мың адамды ВИЧ инфекциясына тексерістен өткізді. Жыл басталғалы облыста адамның иммундық тапшылығы вирусын жұқтырудың 25 дерегі анықталған. Олардың үшеуі ауруды есірткі инесінен жұқтырса, 22-сі жыныстық қатынас арқылы. Мамандарды жаңадан ауру жұқтырғандар санының азаймауы алаңдатып отыр.
«Адамдар өздігінен келіп қарала бермейді. Сондықтан емделушілер арасынан еріктерімен аутрич қызметкерлер таңдалды. Олардың көмегімен бірнеше адамды тексерістен өткіздік. Бастама оң нәтижесін беріп жатыр. Біз осыған дейін де тұрғындарға орталыққа келіп тексерілудің тегін екенін айтып келеміз. Қаралатын кез келген адам туралы ақпарат жасырын сақталады. Жұқпалы аурудың жыныстық қатынас арқылы таралу жолдарынан сақтану керек. Егер серігіңізді алмастырсаңыз бір аптадан кейін міндетті түрде тексеріліңіз. Себебі аурудың белгілері бірден көрінбеуі мүмкін. Инфекцияны бір аптаның ішінде анықтауға болады», — дейді облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспирова.
Қазір жұқпалы аурумен күрес орталығында ВИЧ-инфекциясымен өмір сүретін азаматтар басқа адамдардың тексерістен өтуіне көмектесіп жатыр. Олар бірнеше есірткі қолданатындарды, жезөкшелер мен гомосексуалдарды тексерістен өтуге ертіп әкелген.
Дереккөз: aktobenews.kz