Шығыс Қазақстан облысының ТЖД өрт сөндірушілері жаңадан құрастырылған шағын көлікті балаларға таныстырды, деп хабарлайды Skifnews.kz облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт сөндірушілер Қаныш Сәтпаев атындағы лагерде демалып жатқан бүлдіршіндерге ерекше жасалған өрт сөндіру-құтқару көлігінде келді. Автомобиль өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды, сондай-ақ апаттан құтқару жабдықтарының жиынтығын өрт және төтенше жағдай орнына жедел түрде жеткізуге арналған.
Мұндай кәсіби шағын автомобильді Европада және Ресейде жиі пайдаланады. Ол шағын болса да, минутына 30 литр аз су шығынымен ТРВК-2 оқпанындағы көбікпен А, В, С және Д сыныпты өрттерді жылдам сөндіре алады. Енді мұндай техника Өскемен қаласының қауіпсіздігі үшін жұмыс істейтін болды,
Өрт сөндірушілердің лагер балаларына келуі де кездейсоқтық емес. Кей жағдайларда балалардың білместігінен үлкен өрт болып жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар балаларға дәріс оқып. Өрт сөндіру қызметімен таныстырды. Балаларда бір сәт құтқарушылар кейпіне еніп көрді. Олар гүлзарда өскен шөпті суарып, өздерін нағыз өрт сөндіруші рөлінде сезінді.