Семейде жекеменшік үйден шыққан өрттің салдарынан ер адам қаза тапты. Бұл туралы ТЖБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға маусымның 20-нан 21-іне қараған түні сағат 02:07-де Достоевский көшесінде тіркелді.
Құтқарушылар тілсіз жауды сөндіру кезінде үй ішінен 54 жастағы ер адамның мүрдесін алып шықты. Алдын ала болжам бойынша қайғылы жағдайдың орын алуына шылым шегу себеп болған және марқұм болған кісі алкогольдік ішімдік ішкен болуы мүмкін. Қазір мамандар өрттің нақты шығу себептері мен шығын көлемін анықтап жатыр.
«Өрт туралы хабарды куәгерлер берді. Салдарынан үй ішіндегі жиһаздар жанған. Үй иесі темекі тұқылын дұрыс өшірмеген болуы мүмкін. Ұйықтап жатып, өрт шыққанын сезбеген. Салдарынан өзі көк түтінге уланып қалған. Қазір өрттің нақты себеп-салдары тексеріліп жатыр» делінген хабарламада. Айта кетейік, Семейде жыл басынан бері 219 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам көз жұмып, 7 адам зардап шекті. Оның 2-еуі - бала. Ал жалпы шығын көлемі1 930 000 теңге.
Дереккөз: ҚазАқпарат