Семейде мүмкіндігі шектеулі 32 жастағы әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған екі баланы көршілері өрттен аман алып шықты. Бұл туралы Семей қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Өрт 24 маусым күні сағат 16:13-те Семей таңындағы Чакоман ауылындағы үйлердің бірінен шыққан. Үйден шығып жатқан көк түтінді көрген көршісі құтқарушыларды көмекке шақырған.
Осы уақытта 50 жастағы әйел жанып жатқан үйдің терезесін сындырып ішке кірген. Үй ішінен 8 жән 5 жастағы балаларды сыртқа алып шығып, көмекке адамдарды шақырған. Себебі, үйде 32 жастағы мүмкіндігі шектеулі әйел болған. Көмекке келген 28 жастағы азамат әйелді аман алып шыққан.
«Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 2 бөлмелі үйден шыққан тілсіз жауды сағат 20.32-де толық ауыздықтады. Бірақ үйдің төбесі, қабырғасы мен едені, жиһаздар мен тұрмыстық техникалар жанып кетті. Өрттің жалпы аумағы 150 шаршы метр» делінген хабарламада.
Тексеру кезінде үй иесі Астанада екені белгілі болды. Ол мүмкіндігі шектеулі қызына қарайласуды үлкен қызына сеніп тапсырған. Бірақ ол кәмелеттік жасқа толмаған екі баласын апайымен тастап, үйдің сыртынан құлыптап Семейге кетіп қалған. Ал үйге көз қиығын салып қоюды көршісіне сеніп тапсырған көрінеді. Ал өрттің неден шыққаны белгісіз. Қазір тексеру жұмыстары мен шығын көлемі анықталып жатыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат