Ресейдің Калининград қаласында футболдан әлем чемпионатының G тобындағы Англия мен Бельгия құрамалары шеберлік сынасты.
Алғашқы екі кездесуден кейін 6 ұпайдан жинап, плей-офф мәселесін шешіп қойған қос команда белді ойыншыларына демалыс беріп, қосалқы құрамасын шығарды. Чемпионаттың сұрмергені, ағылшын шабуылшысы Гарри Кейн де тыс қалды.
Алма-кезек шабуылмен өткенімен, бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойынның екінші кезеңінде ақыры бельгиялықтар есеп ашты. 51-минутта 23 жастағы Аднан Янузай тоғыздықты дәл көздеді. Ағылшын премьер-лигасындағы мықты командалардың бірі «Манчестер Юнайтедте» доп теуіп көрген Янузай Англия құрамасындағы бұрынғы әріптестеріне осылайша «сәлем» жолдады. Ағылшындар қарап қалмай, 66-минутта Маркус Рэшфорд қақпашы Тибо Куртуамен жеке-дара шыққанымен, оңтайлы сәтті мүлт жіберді. 83-минутта Феллаини екінші таймда тыңнан қосылған Дэнни Уэлбектің соққысынан кейін өз қақпасын аман алып қалды. 88-минутта Джордан Пикфорд та алаңға жаңа шыққан Дрис Мертенстің қауіпті соққысын қайтарып, сэйв жасай білді. Бельгиялықтар Англияны 1:0 есебімен ұтып, өз тобында жеңімпаз атанды.
Дереккөз: 24.kz