Қостанай облысында зейнеткер әйел бақшадағы жұмыстарына көмектескен бейтаныс ер азаматтың қолынан ажал құшатынын білмеген еді. Кісі өлімі туралы іс Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына келіп түсті деп жазады ҚазАқпарат.
Қайғылы оқиға Қостанайда биылғы жылдың мамыр айында болды. 42 жастағы ер адам Қайырбеков көшесінің бойымен кетіп бара жатып, бақшада жұмыс істеп жатқан зейнеткер әйелді көреді. Зейнеткер әйел одан бақшадағы жерін қазуға көмектесуін сұрайды.
«Ер адам зейнеткердің айтқанына көніп, ол сұраған қажетті жерді қазып берген. Артынан өзімен бірге алып келген шарапты ішкен. Зейнеткер болса, оны үйіне кіргізіп, алдына дәм-тұзын ұсынады. Осы күні кешке зейнеткердің үйінде отырған әлгі адам онымен жанжалдасып қалады. Жанжалдың соңында ішімдікке сылқия тойған азамат зейнеткерді жіппен буындырып өлтіреді»,-деп хабарлады сот өкілдері.
Ер адам зейнеткердің өлгенін анық білген соң, оқиға орнынан ізін суытқан.