Осыдан 1-2 күн бұрын ғана Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Мырзантай Жақып мемлекет есебінен оқыған әртістердің бір сыпырасын айтып, бәрінің масқарасын шығарған. “Олардың сабаққа келуінің өзі бір шоу” деп ашынған профессор Мейрамбек Беспаевтың да сол көште екенін жеткізген. Бүгін Facebook әлеуметтік желісінде Заңғар Кәрімхан Беспаевты былайша ақтап отыр.
“Несі бар, жанына жақын тақырып! Бала кезінен жақсы білетін, жақсы танитын дүниені жазу керек қой жазған соң! Ғылымға пайда әкелмейді деп ойлайсыз ба? Қателесесіз! Қазіргі қазақ қоғамы қоразбаевтануға мұқтаж ғой. “Бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, өнер жолына, үлкен өнерге қаршадай Мейрамбекті әкелгеніне не тұрады?! “Ауыл сахнасының озық әншісі” қалайша “Қазақстанның халық әртісі” атануының сыры кімге керек болмасын?! Мысалы, маған қызық! Қалай жоғары атақ алуға болады, жетудің қандай жолдары бар, нені үйреніп, нені меңгеру керек дегендей, бұл диплом жұмысы эстрада саласына қосылғалы тұрған “үлкен еңбек” емес пе? Ал сіздер бағалай алмай жатырсыздар!
Ешбір сабаққа қатыспаса да (қайдан қатысады концерттер мен гастролдік сапарларда жүрсе, арасында қазағының той-томалағы бар), дипломын өзі жазып шыққан! Қайта уақыт тауып жазып шыққанына рақмет айтуымыз керек! Абай атамыз құсап, “көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алса” не болар еді?! Және өзі ашық түрде қорғаған екен! Мейрамбек Бесбаевтың дипломы құтты болсын! “Іші тар”, “көре алмайтын” адамдар сөйлей бермесін” – деп жазды ол желідегі парақшасына.