Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» Республикалық турнирі өтті деп хабарлайды өз тілшіміз.
Ақтық сында Ержан Шынкеев (Қарағанды) пен Ерасыл Қажыбаев (Әскер барысы) белдесті. Финалға тек мықтылар шықты. Алайда, ширек финалда азырақ жарақат алған Ерасыл аса тәжірибелі Ержанға есе жіберіп алды. Шынкеевтің еншісінде бір жамбас ұпай. Ал қарсыласында екі бүк ұпай.
Ал үшінші орын үшін Айбек Нұғымаров (ШҚО) пен Ерсұлтан Мұзаппаров (Түркістан облысы) күш сынасты. Түркістандық балуан турнирге тұңғыш рет қатысып жатқанына қарамастан барын салды. Алайда, өте тәжірибелі Айбек қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Жартылай жеңіс және бір бүк ұпаймен жеңіске жетті. Бұл жолғы «Қазақстан барысына» филантроп, профессор Оралбек Ботбай бас демеушілік жасаған еді. Финалдық бәсекеде жеңіске жеткен Е.Шынкеев 25 млн теңге мен алтын тайтұяққа және жеңімпаз белбеуіне Бас жүлдені «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М. Әшімбев пен О.Ботбай тапсырды.
«Бұл бәріміздің көптен күткен тарихи шешім. Осындай аумалы-төкпелі алмағайып заманда Елбасы Н.Ә.Назарбаев көреген шешім қабылдап, миллион тұрғыны бар облыс орталығын Түркістанға көшіргенін қуана қабылдадық. Түркістан тарих тұнған өлке» - деп өткен жолы баспасөзде мәлімдеме жасаған Оралбек Қожамжарұлы: «Ерсұлтан бауырымызға көлік сыйлап, ат мінгізгенім, ата дәстүрдің жалғасы. Сондықтан, мұндай балуандар қандай да болмасы сыйлыққа лайық. Арманым осы қазақ күресі Олимпиада ойындарына еніп, қарапайым ауыл балалары өз армандарына қол жеткізсе екен. Түркістан облысында қазақтың хандары жерленген. Жыл сайын Түркістан қаласына барып қайтуға тырысамын. Күллі түркі әлемінің мәдени орталығының дамуына үлес қосу әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс» - деді.
Астана қаласындағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде өткен спорт сайысына еліміздің бар аймағы мен республикалық деңгейдегі қалалардан 37 балуан күш сынасты. Бұл шараға құрметті қонақ ретінде қазақтың даңқты балуаны, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров келіп қатысты.