Белгілі тележүргізуші Сәуле Әбединова Қытайдан балалары үшін шекараны кесіп өтіп істі болған Сайрагүл Сауытбайдың сотына Жаркентке арнайы барған. Қайтар жолда журналист өзіне әдейілеп біреулердің тұзақ құрғанын айтты. Бір сөзбен айтқан көліктегі 5 адам бір ажалдан аман қалыпты.
"Тарқатып айтайын. Серікжан Біләшұлының "Ниссан" көлігінде 5 адамбыз: Серікжан, Нұргелді, Ардақ, Еркін деген студент бала (ол да басына іс түсіп жүрген оралман) және мен. Рульде - Нұргелді.
160-170 шақырымға жеткенде жап-жаңа автобанның қақ ортасында қарайып екі нәрсе жатыр. "Мәссаған!.. Енді не болар екен..." деп ойладым", - деп бастады сөзін ол.
Жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші тоқтап үлгермей, көліктің асты темірге соғылыпты. Артқа шегініп барса, әлгі темірлер КаМАЗ домкраты боп шыққан.
"Ойбуй, біреулер камазының дөңгелегін ауыстырып, домкраттарын ұмытып кеткен ғой... жолдың шетіне, көрінетін жерге шығарып қояйық, іздеп келетін шығар..." дейді Серікжан.
Нұргелді еңкейіп көліктің астына қарады да, "оське пышақпен кесілгендей сызық түсіпті" деді. Құдай сақтасын деп, бетімізді бір сипап, ары қарай жылжыдық.
Қысқасы, Жаркентке межелі уақыттан бір сағат кешігіп жеттік. "Жол азабын жортқан білер..." деген осы.
Аман-есен келген соң, екі домкраттың дәл екі жолақтың қақ ортасында, не ары, не бері қашу мүмкін еместей есеппен, қолмен қойғандай орналасуы бәрімізді әртүрлі күдік-күмәнға жетеледі. Сөз соңында "бұл, дәу де болса, бізге арнайы жасалған қастандық" деген қорытындыға келдік", - деп сөз аяқтады Әбединова.
Айта кетейік, Сайрагүл Сауытбай Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтті деп айыпталып, қазір тергеліп жатыр. Жуырда оның мәселесі сотта шешілетін болады. Әйел кінәлі деп табылса, Қазақстан соты оны Қытайға ұстап беруі мүмкін. Ал, қытайда Сайрагүл өзін өлім күтіп тұрғанын айтады.