Ақсу қаласында екі жасар бала екінші қабаттан құлап түсті деп жазады pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Ақсу қаласының Қамзин көшесі, 21 мекенжайында сағат 21.00-де орын алған.
«Сәби бес қабатты үйдің екінші қабатынан құлап түскен. Ол Ақсу қаласының ауруханасына жеткізілді. Кейін үйде бұл кезде баланың ата-анасының қарауынсыз қалғаны анықталды. Абырой болғанда, бала аман қалды, - деді баспасөз қызметінде.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева сәбидің жағдайы жайлы айтып берді.
«Бүлдіршін Ақсу қаласының ауруханасынан жерүсті санавиациясы арқылы Павлодар қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Бала жеңіл ми жарақатын алған. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы бірқалыпты. Оның қасында әжесі бар», - деді Эльмира Темірғалиева.