$ 443.85  474.3  4.8

Ертіс жағасынан адам сүйектері табылды

Лебяжі ауданы Қызыләскер ауылдық округіне қарасты Черное ауылының тұрғындары адамның бас сүйегін тауып алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Есімдерін атағысы келмеген азаматтардың сөзінше, сүйек Черное ауылынан 10-12 шақырымдық жерде Ертіс өзенінің жағасынан табылған. - Адамның бас сүйегі өзеннің жағасында жатты. Біз бұл бөлшекті ауылдағы зиратқа Құран бағыштап жерледік, - дейді тұрғындар.

Жалпы, адамның сүйектерін тауып алу - бұл өңірде сирек кездеспейтін құбылыс. Осы тектес жәдігерлерге лебяжіліктер жыл сайын, әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде жиі тап болады. Бұны Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты археологиялық-этнологиялық зерттеулер орталығының директоры, ғалым Тимур Смағұлов растап отыр.

- Лебяжі ауданында Ертіс өзенінің бойынан табылатын жәдігерлер – таңсық дүние емес. Сондықтан тұрғындар адам сүйектерін немесе өзге де көне заттарды кездестірсе, жергілікті атқарушы органдарға немесе облыстың музейлеріне тапсырған абзал. Кейін мамандар жәдігерлерді зерттеп, ғылыми жаңалық ашуы да мүмкін. Мәселен, қазіргі таңда павлодарлық ғалымдар үстіміздегі жылғы көктемде Лебяжі ауданы Аққу ауылында Ертіс өзені бойынан табылған адам сүйектеріне қатысты зерттеу жүргізіп жатыр. Зертханалық жұмыстарының қорытындылары биылғы тамыз айында шығарылады деп күтілуде, - дейді Т. Смағұлов.

Еске сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын Павлодар қаласының тұрғыны қоқыс төгілетін шұңқырдан қола дәуірі адамының қаңқасын тапты. Кейін мамандар қаңқаның төрт мың жыл бұрын жерленгенін анықтады. Мамандардың сөзінше, мола біздің дәуірімізге дейінгі 16-15 ғасырларға, яғни ерте қола дәуірінен Андронов кезеңіне дейінгі уақытқа жатады.

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары