Банк филиалдарындағы кезекті азайту үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағдарлама шарттарын кәсіпорындар мен ұйымдарға барып түсіндіреді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» бағдарламасының шарттарын түсіндіру мақсатында мобильді топтар құрды деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлері мен штаттан тыс кеңесшілері кіретін мобильді топтар «7-20-25» бағдарламасына қатысу шарттарын азаматтарға түсіндіру үшін кәсіпорындар мен ұйымдарға шығатын болады. Алғашқы 8 топ Алматы қаласында құрылды, алдағы уақытта бұл бастамаға басқа да аймақтар қосылады», – деп хабарлады банк.
Бұл шешім банк филиалдарындағы кезекті азайту үшін қабылданған. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған соң бөлімшелердегі клиент саны бірнеше есе артыпты. Астана мен Алматыда орналасқан ең ірі бөлімдер күніне 1500-1900 адамнан қабылдап жатыр.
Банк менеджерінің қызметін алу үшін ең ұзақ кезекте елорда тұрғындары тұруға мәжбүр. Себебі жалпы кеңес беру мен 7-20-25 бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің астаналық филиалдарында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 300-ден астам заем ресімделіп, беріліп жатыр. Бұдан бөлек «Өз үйім» бағдарламасы бойынша да 162 пәтер сатылуда. Сондай-ақ банк қазір әскери қызметшілермен де белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Астанада әскерилердің 3 500-дай арнайы шотына қызмет көрсетіледі.
Дереккөз: Sputniknews.kz