Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің майталманы Зәмзәгүл Шәріпованың туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтты деп жазады Ақорда.
«Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты актерлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахнасында сомдаған айшықты рөлдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды.
Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, Шәріпова ұлттық классика мен заманауи драматургияда Әуезовтің "Айман-Шолпанында" Айман, "Қарагөзінде" Қарагөз, Мүсіреповтің "Ақын трагедиясында" Ақтоқты, Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасында Ева Браун, Тәжібаевтың "Көңілдестерінде" Дәмеш, Байсейітов пен Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай!", "Ой, жігіттер-ай!" комедияларында Нұрсұлу, Жүнісовтің "Ажар мен Ажалында" Ажар, Исабековтің "Әпкесінде" Қамажай, А.Бекбосынның "Соңғы сезімінде" Ана, Буляковтың "Отыз ұлың болғанша…" комедиясында Сәлима рөлдерін сахналады.