$ 494.87  520.65  4.91

Алматыны жаһанға жарқ еткізген тиін

Жақында ғана Алматы төрінен орын алған алып тиіннің мүсіні күтпеген жерден қоғамның қызу талқысына түсті де кетті. Бұл тақырыпты қаузамаған отандық БАҚ қалмаған шығар, сірә. Тіпті, шет елдің бұқаралық ақпарат құралдары да сабаннан жасалған тиінге елең етіп, өздерінде жаза бастады. Мәселен, бір ғана тиін мүсінінің айналасында бас-аяғы 100-ден астам мақала басылыпты деп жазады Алматы Ақшамы.

Бұл жобаның ұйымдастырушы авторлары да, британдық суретші Алекс Ринслер де биіктігі 13 метр болатын тиін бір аптаның ішінде осыншалықты танымалдылыққа ие болады деп ойламаса керек. Оның шаһардағы «Атакент» көрме кешенінің алаңынан орын тепкен мүсіні елдегі өзге мәселелерді ысырып тастап, халықтың назарын, көңілін, сөзін өзіне аударды.

Төрт қабатты үйдің биіктігімен теңесетін тиін, салтанатты ашылуы болмай жатып-ақ, әлеуметтік желілерде күн-түн демей қызу талқыға түсті. Жәй талқыланып қойған жоқ, мүсінді кәдімгі табаға салып «шыжғырып тұрып қуырғандар да» табылды.

Иә, уысына жаңғағын ұстаған бейкүнә мүсін-тиін қоғамды ашуландырды да, жағымсыз пікірлерге де жол ашты, ерекшелігімен таңдандырып, таңдай да қақтырды. Әйтеуір бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл эко-мүсінге республикалық барлық ақпараттық портал, сайт, телеарналар арнайы орын беріп, эфирлерін, парақшаларын арнады. Әшейінде мәдениет саласына қатысты әлдебір жаңалықтар көзге ілінбей қалып жатушы еді. Бұл шын мәнінде сенсация болды десек артық айтқандығымыз емес.

Мәселен, тиінді талқыға көбірек салған әлеуметтік желі қолданушылары «қарсымын», «қарсы емеспін» деген екі топқа бөлініп шыға келгенде, журналистер қауымының басым көпшілігі Қазақстан үшін әдеттегіден өзгеше мүсінді салқынқанды, бейтарап қабылдады. Олар көбіне оның Алматы төрінде неліктен пайда болғандығы, оған қанша қаражат жұмсалғандығы, сондай-ақ, келешекте қалай болатындығын ғана сөз етумен шектелді.

Иә, британдық суретші сабаннан тұрғызыла бастаған тиінді аяқтамай жатып-ақ, ол бірден танымалдылыққа ие болып кетті. Тіпті, қалалықтардың немесе меймандардың өздерінің бір-бірімен тоқайласатын орындарын «тиіннің жанында кездесейік» деп белгілеп жатқандарының да куәсі болық. Қоғамды дүр еткізген тиін мүсінін қазақстандық PR компаниялар да сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Олар көпшілік отыратын әлеуметтік желі беттерінде күнделікті орналастыратын түрлі жарнамаларын да осы тиіннің образымен бере бастады. Ауыздан ауызға тараған сүйкімді тиіннің алдына келіп суретке түсетін, селфилеткен жас-кәрі де, тіпті жаңадан отау құрып жатқан жастар да күндіз де, кеште де бір үзілген жоқ. Әрине, олардың әлеуметтік желілерге толассыз жаппай салып жатқан суреттері арт-нысанның да, Қазақстанның да атағын шығарды десек қателеспеспіз. Айтып-айтпай не керек, алматылық тиін әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде де жарқ ете қалды.

Нақтырақ айтсақ, 11 шілде күні әлемдегі іргелі ақпараттық порталдардың бірегейі – британдық BBC News біздің Алматыдағы алып тиін туралы мақаласын жарқ еткізіп жариялап кеп жіберді. Шет елдік әріптестер, әрине, мүсіннің айналасындағы дау-дамайды да жасырып қалған жоқ. Көп ұзамай британдық The Times, одан соң американдық танымал New York Post газеті және жетекші телеарналарының бірі FOX News те алып тиін туралы жарыса жазды. Бұл орайда осы аталған БАҚ-тардың аудиториясының ауқымды екендігін ескерсек те жетіп жатыр. Мәселен, бір ғана ВВС порталына айына 430 млн.-ға жуық адам кіреді екен. Ал NewYorkPost сайтын бір айда 90 млн.-ға жуық адам ашып қарайды. Сондай-ақ, алматылық тиін туралы мақалалар көрші Ресейдің де, Пәкістан, Чехия, Корея Республикасының ақпараттық порталдарынан орын алған. Сөйтіп кәдімгі ағаштан, сабаннан жасалған алматылық тиін дүние жүзіне тарап кетті.

Біз өзімізді шет елге танытқанды қалаймыз. Еліміз туралы жат елдіктерге айтып мақтанғанды сүйеміз. Мұхит асып жүріп, Қазақстан туралы небір тұсаукесер, таныстырыламдар жасап, шетелдік телеарналарға өзіміз туралы ақылы мақалалар, бейнероликтер беріп машақаттанып жатамыз. Ал, баршамызға белгілі, мұндай материалдардың аудиториясы аса кең емес. Осыны ескерсек, алматылық тиін туралы шет елдік журналистер ақысыз былай-ақ жариялап, біздің елге әлемнің назарын аудартты. Ал, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осы мақаланы шетелдік БАҚ беттеріне орналастыру үшін тиін-мүсінге кеткен қаржының мың есесін шашқан болар едік. Міне, біздің ел үшін нағыз пиар осы болды!

Егер осыған дейін біздің Қазақстанды әлем бокспен және мұнаймен танып келген болса, енді атағымыз заманауи өнермен де, өркениетпен де өрнектелетін болды.

Олжас ШҰҒЫЛА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы #тиін