Солтүстік Қазақстан облысында 270-ден астам отбасы балаларына екпе жасатудан бас тартқан деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасқамасов айтты. Вакцинациналаудан бас тартуға адамдардың жеке бас пікірі, бұқаралық ақпарат құралдарының екпенің жас ағзаға кері әсері жайында тарататын ақпараты себеп болып жатады.
Санитарлық дәрігердің айтуынша, діни тұрғыдан бас тартып жататын жағдайлар аз кездеседі.
«Мемлекет халықты, балаларды қорғауға қаражат бөледі, алайда кейбір ата-аналар білместіктен немесе жеке себептермен баланың екпе алуын шектейді. Сол үшін біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Былтыр бас тартқандардың ішінен 190 адамға екпе жасадық, дегенмен жаңадан бас тартушылар шығып жатыр», - деді С. Қасмақасов.
Дәрігер 22 инфекцияға қарсы профилактикалық екпелердің егіліп жатқанын айтты.
«Инфекцияға қарсы екпе сәби туыла сала жасалып, 56 жаста тоқтатылады. Ересектер қауымы 26, 36, 46 және 56 жаста дифтерияға қарсы егіледі. Кей жағдайларда әртүрлі жарақаттар алған ересек адамдарға сіреспе ауруына, құтыруға қарсы екпе жасалады», - деп атап өтті С.Қасмақасов.