$ 495.2  522.34  4.94

Маңғыстау облысы әлемнің 89 елімен экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырады

Маңғыстау облысына инвестиция тарту ісі соңғы жылдары жаңа қарқын ала бастады. Жергілікті билік өкілдері былтыр әлемнің дамыған елдерінің инвесторларымен кездесіп, ондаған келісімге қол қойыпты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Құрманбек Жұмағали өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Маңғыстау өңірі әлемнің 89 елімен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырады екен. Атап айтқанда, 37 мемлекетпен экспорттық операциялар, 86 елмен импорттық аударымдар жасалады.

2017 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы 4 556,6 млн. АҚШ долларын құрапты. Бұл 2016 жылға (3 853,4 млн. АҚШ доллары) қарағанда 18,2%-ға жоғары.

«2017 жылы өңір басшысы Ералы Тоғжанов – инвестиция саласында әлемнің әлеуетті 30 елінің (Қытай, Ұлыбритания, Оман, Түркия, Иран, АҚШ, Франция, Нидерланды, Италия, Израиль және т.б.) инвесторларымен кездесулер өткізді. Нәтижесінде энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, қалалық инфрақұрылым сияқты экономиканың секторларындағы жобаларды іске асыратын өзара ынтымақтастық жөніндегі 14 меморандумға қол қойылды. Осы күш-жігермен біз Маңғыстау облысындағы инвестициялық ахуалды жақсарттық. 2017 жылдың қортындысы бойынша Маңғыстау облысы жан басына шаққандағы негізгі құралдарға салынған инвестиция көлемі бойынша (664,900 теңге) үшінші орында», - дейді Қ.Жұмағали.

Сондай-ақ, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында алыс және таяу шетелдердің 10-нан аса елінің (Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Иран, Италия, Испания, Германия, Франция, Нидерланды және басқалары) ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, 6 меморандумға қол қойылған.

«Әсіресе, Маңғыстау облысы делегациясының 2018 жылдың наурыз айындағы БАӘ-ға сапары маңызды және жемісті болды. Облыс әкімінің басшылығымен облыс делегациясы «Dubai Port World», «Camelicious» және т.б. компанияларымен ірі жобаларды жүзеге асыру бағытында келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде араб елімен бірқатар меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, дүниежүзілік үшінші әлемдік порт операторы саналатын «DP World» компаниясымен келісімге қол қойылды. Бұл келісім «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның дамуына қосымша серпін береді», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, 2018 жылдың сәуір айында өңір басшысының бастамасымен Маңғыстау облысының делегациясы Балқан велаятына жұмыс сапарымен барған. Сапар аясында Каспий маңы екі елінің өнеркәсіп және іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы өтіпті. Нәтижесінде Маңғыстау облысы тарапынан трансшекаралық ынтымақтастықты белсенді жүргізу бойынша 13 ұсыныс жасалған.

Жалпы жыл соңына дейін бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл шамамен 32 млрд. теңгені құрайтын 130-дан астам жоба.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары