20.07.2018, 12:04

Электрондық сауда тұтынушыларының құқығы онлайн-шешім арқылы қорғалмақ

Еуразиялық экономикалық комиссия электрондық коммерция пайдаланушыларының құқықтарын онлайн-шешім арқылы қорғау жүйесін құруды ұсынды. 

Аталған бастама 19-шы шілдеде ЕЭК-ның Консультативтік комитетінің бастамасымен ұсынылды.

Бұл жүйе онлайн-сауда нарығында туындайтын жанжалдарды шешуге бағытталған. Бұған қоса, ол электронды коммерцияның дамуына  тұтынушыларды тарту арқылы оң әсер береді деп жоспарлануда. Ең бастысы – кенеттен туындаған дауларды дереу шешуге қауқары.

«Қақтығыстарды онлайн-шешім арқылы шешетін бұл пилоттық жоба өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одағына қосымша артықшылықтар береді. Қазіргі таңда аталған жүйе цифрлық форматқа көшеді. Осыған байланысты, Медиация институты ЕЭО елдеріндегі барлық мемлекеттер бойынша реттеу жұмысын жасайтын болады», - деді ЕЭК-ның Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралар департаментінің директоры Игорь Гаевский.

Сондай-ақ, ол бұл жобаны іске қоспас бұрын алдымен қандай шаралар қолдану керектігін атап өтті.

«Жүйені енгізбес бұрын алдымен бизнес өкілдеріне бұның не үшін қажет екенін түсіндіру керек. Бұған қоса, дауларды шешу тәртібін нақты анықтау  қажет», - деді И. Гаевский.

Ал, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өкілдері болса бұл ұсынысты қолдайтындарын жеткізді. Жанжалдарды онлайн-шешу пилоттық жобасы Одақтың цифрлық басқару кеңсесінің аясында іске қосылатын болады.

Бұған қоса, ЕЭК еуразиялық нарықтағы контрафактілік тауарлармен күрес жұмысын қолға алды. Қазіргі таңда Одақ құрамындағы мемлекеттердің ішінде мұндай жұмыс үшін ешқандай әдіс-тәсілдер жоқ. Осы ретте, өкілдер тарабынан бірігіп жұмыс жасау мен тұтынушыларға қатер тудыратын тауарлармен күресу ұсынысы айтылды.

«Бірыңғай әдіс-тәсілдер жасауға кіріспес бұрын өндіріс орындарын бақылауға алып, азық-түлік өнімдеріне назар аударуымыз қажет», - деді И. Гаевский.

Директордың айтуынша, алдымен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі барлық  атқарылған жұмыс көлемін талдау керек екен.

«Одақ құрамындағы мемлекеттердегі жасалған барлық өнімдерді талдау арқылы өз ұсынысымызды айтатын боламыз», - деп түйіндеді ол.

Еуразиялық экономикалық комиссияның бұл бастамасы ЕЭО елдерінің өкілдерімен мақұлданды. Бақылаушы мемлекет ретінде Молдова мемлекетінің консультативтік кеңесі таңдалған болатын.