Алматыда екі автобустың соқтығысуы салдарынан 18 адам зардап шеккен деп жазады Tengrinews.kz Алматы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2018 жылы 22 шілдеде сағат 09.58-де жол апаты туралы жедел жәрдем станциясына хабар келіп түсті, оқиға болған жерге жедел жәрдемнің 10 бригадасы аттанды, бригадалар сағат 10.06-да жетті. Қаладағы емханаларға жеткізілгендер мен көмек сұрап барғандардың саны - 18, олар түрлі жарақат алған", - деп хабарлады басқармадағылар.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек көрсетіліп, тексерілді. "Зардап шеккендердің төртеуі ауруханаға жатқызылды. Медициналық көмекке жүгінгендердің арасында үш бала бар, олардың ата-аналары аурухаға жатудан бас тартып, олар үйлеріне босатылды", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда екі автобустың бетпе-бет соғылғаны хабарланған болатын. Жол апаты таңертең Достық даңғылының бойында Құрманғазы мен Абай көшелерінің ортасында, Қазақстан қонақүйіне қарама-қарсы жерде болды. Автобустардың біреуі аялдамадан өз бетінше жүріп кеткен (жүргізуші автобусты қойып, қол тежегішке тартып, өзі шығып кеткен).