Бүгін Астанада қазақстандық АТ саласының өкілдері ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Басқосу барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Аталған басқосуда экономиканы цифрландыру мәселелері сөз болып, еліміздегі АT-қауымдастықты дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстар айтылды. Яғни, «Astana Hub» АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің инновациялық кластерін құру мен АТ-стартаптар үшін инновациялық гранттар бөлу сынды мәселелер. Сонымен қатар, отандық кадрларды даярлау мен АТ-қызметтердің экспорттық әлеуетін қолдау секілді ел дамуы үшін қажетті салаларды тілге тиек етті.
Бүгінгі кездесуде АТ-компаниялардың дамуына кедергі келтіретін қауіп-қатерлерді жою сынды мәселелерге ерекше назар аударылды.
Ал, бизнес-қауымдастық өкілдері болса отандық цифрлық инфрақұрылымды дамыту туралы ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын атап өтті. Бұған қоса, оларды электрондық коммерцияны ынталандыру мәселелері толғандырады. Кәсіпкерлер отандық АТ-компанияларды мемлекеттік қолдау керектігін айтып, МЖӘ тетіктерін жетілдіру қажеттігін сөз етті. Бизнес өкілдерін қызықтыратын факторларға келер болсақ, АT-компаниялар арасында бәсекелестікті дамыту мен цифрлық экономика дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру жүйесін жаңғырту тетіктері екен.
Кездесу барысында Б.Сағынтаевқа 20 отандық АТ-компанияның мүмкіндіктері жөнінде презентация көрсетілді. Сонымен қатар, Премьер-Министрінің орынбасары А.Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, қаржы вице-министрі Р.Еңсебаев сөз сөйледі.
Еске сала кетейік, елімізде соңғы уақыттарда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы ретте 2017 жылдың 12 желтоқсанында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы негізгі мақсат - ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру. Қоғам өмірінің барлық саласын оңтайландыру болып табылады. Цифрлық технологиялардың көмегімен агроөнеркәсіпке оң өзгерістер әкеліп, өндіріс өнімін арттыруға, сондай-ақ, шығын көлемін азайтуға болады. Халыққа қызмет көрсетудегі орны да айрықша. Бұдан бөлек денсаулық сақтау мен білім беру салаларында да цифрлық технологияны қолдану бірқатар игілікті іске бастайды. Осы ретте, еліміздің ауруханалары заманауи технологиялармен қамтамасыз етілуде. Бұл өз кезегінде өлім-жітім көрсеткіштері мен ауру деңгейін төмендетеді. Ал, білім саласындағы цифрландыру оқытушылар мен оқушылардың жұмысына оң серпін беріп, қағазбастылықтан арылтады.