27.07.2015, 09:58

Астана әуежайының басшылығы Головкиннен кешірім сұрады

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинді Астана халықаралық әуежайының қызметкерлері VIP-залға кіргізбей қойған болатын. Осыған орай Астана әуежайының әкімдігі боксшыдан кешірім сұрап, аталған қызметкерлерге тәртіптік шара қолданғанын хабарлады.

«Әуежай басшылығының хабарлауынша, арнайы тізімге енбеген мемлекеттік қызметкерлерден басқа кез-келген адам ақысын төлеп, VIP-залдың қызметін пайдалана алады. Ақысын төлеу ұшып келетін уақыттан бұрын жасалуы тиіс. Головкинмен болған жайт әуежай қызметкері мен алдын ала тапсырыс беретін тұлғалардың қателігінен орын алған. Осы ретте әуежай қызметкерлеріне тіртіптік шара қолданылды» делінген Астана Халықаралық әуежайының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Естеріңізге салайық, өткен аптаның соңында туған жеріне оралған әйгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Астана әуежайындағы VIP-зал арқылы қалаға шықпақ болғанында әуежай қызметкерлері оны өткізбей қойған болатын.

Бұл алдымен әуежайға келушілердің наразылығын тудырса, кейін бүкіл қазнет талқылаған тақырыпқа айналды.

BAQ.KZ