26.07.2018, 04:27

Ай тұтылған күні көбінің басы ауырады – астронумеролог

27 шілдеде Ай тұтылады. Ай қызыл түске боялады.

Айдың тұтылуы деген не, бұл адамның денсаулығына қалай әсер етеді, Айдың ықпалына түсетін кімдер? Бұл сұрақтарға Today.kz интернет-порталына астронумеролог Людмила Портнягина жауап берді. 

Астрологиялық теорияға сәйкес, ғаламшар Аймен өзара әрекеттескен кезде адамдардың физикалық және психологиялық күйіне әсер етеді екен. 

«Алда келе жатқан Айдың тұтылуы өзгеше болады, өйткені бұл кезеңде екі ғаламшар Қызыл Ай мен Марс жақын келіп, анық көрінеді. Осы жылы ғаламшарлар өзгеше ретпен түзіледі, Уран өте белсенді, ол энергиялық, психоэмоционалдық және физикалық денсаулыққа үлкен күш-қуат береді. Айдың тұтылуы барлық адамға бірдей әсер ете бермейді. Ай энергиясы күшті және жеткілікті адамдардың нумерология бойынша өздерінің Пифагор кестесінде төрт, бес, алты екіліктер болады, сондықтан олар ыңғайсыздықты сезінбейді. Екіліктері көп адамдар нумерология бойынша қатты бас ауруына, өттің іркілуіне және ісікке шалдығады. Ай Күнге қарағанда адамға көбірек әсер етеді, өйткені ол адам денесі босаңсып, ұйықтап, демалып жатқанда, яғни түнде әсер береді», – деді  астронумеролог.

Ай тұтылғанда көп адам геомагниттік ықпалға ұшырайды. 

«Ай адамға әсер еткенде көбінің бас сақинасы ұстайды, артериалдық қысым көтеріледі, ол жүрек-қан тамыр жүйесінің патологиясымен тікелей байланысты. Ай тұтылғанда қан басқа шауып, тромбасы бар адамдарда қан ағысы жылдам жүріп кетіп, тромба, инсульт пен инфаркт туғызуы мүмкін. Жүрегі ауыратын адамдар өз-өздерін сабырға шақырып, көбірек демалуы керек. Ыстық грелкаға аяқтарын қойып, қан қысымын реттейтін дәріні ішіп отыруы керек», – деді маман. 

Астронумеролог Айдың тұтылуы көңіл-күйге қалай әсер ететінін де айта кетті. 

«Эзотерика тұрғысынан қарасақ, Ай алтыншы чакраға, яғни «үшінші көзге» және жүйке жүйесінен бастап барлық денені басқаратын гипофизге ықпал жасайды. Жүйкені қысып, жанжал тудыруға қауқарлы, сондықтан көңіл-күйі құбылмалы, эмоцияға берілгіш адамдар өз жағдайларына мән беріп, қажет болса дәрі қабылдауы тиіс», – деді Портнягина.

Ай тұтылған кезде адамдар қарым-қатынас жасау барысында өзгереді екен. 

«Барлық адам өзінше дара, Ай тұтылуының адамға әсері оның энергетикалық балансына байланысты. Егер оның физикалық және психологиялық денсаулығы әлсіз болса, Айдың ықпалына оңай түседі. Ай тұтылғанынан қорғайтын дәрі жоқ, бірақ кеңестерге сүйенген жөн, мысалы, медитациямен айналысып, ауруды басатын дәрі қабылдау керек, стресс алудан сақтанып, адамдармен ұрсыспауға тырысу керек, көбірек демалып, өз көңіл-күйін жақсы ұстауы тиіс», – деді ол.