Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Рашид Кайпжановтың ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлады Sputniknews.kz.
Есте болса өткен аптада аталған бюро қызметкерлері аудан әкімін пара алып жатқан жерінен қолға түсірген болатын.
Анықталғандай, Рашид Кайпжанов әкімдік ауласын көгалдандырумен айналысатын мердігер компания басшысынан 200 мың теңге көлемінде пара алған екен. Сол үшін әкім аталған компания қаражатын кедергісіз және уақытылы аударып отыруға уәде беріпті.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиға 25 шілде күні болған.