31.07.2018, 12:12

Ақтөбеде лифтіде көз жұмған журналистің өліміне қатысты соттың қашан өтетіні белгілі болды

Лифтіде көз жұмған ақтөбелік тележүргізуші Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты қылмыстық тергеу жұмыстары толық аяқталды. Қалалық сотқа жеткен қылмыстық істің бүгін сот алдындағы тыңдалымы өтті. Судья Ербол Әбдіхалықовтың төрағалық етуімен өтетін алғашқы сот процесі 13 тамызға белгіленді деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Сотқа айыпталушы ретінде ескі лифтке жауапты «Жанабек сервис» серіктестігінің басшысы Кенен Жанабек пен техникалық қызмет көрсететін мекеме өкілі Жарылқасын Ақжанов шақырылған. Тағы бір айыпталушы денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты тыңдалымға келген жоқ.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 306 бабы 3 бөлігі («Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету») бойынша тергеледі.

Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында 28 жастағы Айзат Әбдісамат есігі жабылмай қалған лифтіде көз жұмған болатын.