Баян Алагөзованың бұрынғы күйеуі колонияда қалай өмір сүріп жатыр? Бұл туралы сотталушының қарындасы Нағима Есентаева айтып берді деп жазады Tengrinews.kz.
Қазіргі уақытта Бақытбек Есентаев Қапшағай маңындағы Заречныйда орналасқан қатаң тәртіптегі колонияда жазасып өтеп жатыр.
Оның айтуынша, қатаң тәртіптегі колонияда Бақытбек Есентаевпен көрісуге үш айда бір рет рұқсат беріледі екен. Көрісуге рұқсат берілген күндері қарындасы оған дәмді тағамдар жасап апарады.
"Соңғы рет 1 маусымда, ашық есік күні барған едім. Жағдайы жақсы, қалыпты. Оған қыздары барып жүр", - деді Нағима Есентаева.
"Ол қалпына келді, енді ол түрмеден шығып, қатардағы адамдар секілді өмір сүріп, үйленгісі келеді. Жап-жас, сүйкімді ғой. Оған колонияда ешкім тиіспейді. Денсаулығы қалыпты. Жазаны жеңілдетуге өтініштің құжаттарын әлі өткізбедік. 6,5-7 жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш тастайтын мүкіндігі бар. Сол кезде оның тәртібіне, әдебіне қарайды. Интернеті жоқ, аптасына бір рет қана таксофон арқылы хабарласа алады", - деді Бақытбек Есентаевтың қарындасы.
Айтуынша, Бақытбек Есентаев Баян Алагөзованы әуелден-ақ кешірген және еш өкпе-реніші жоқ.
Еске салайық, 2016 жылы Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аударалық соты оны 9 жылға бас бостандығынан айырған еді. Қазіргі таңда Есентаев жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеп жатыр.
2016 жылдың 10 маусымында Баян Есентаеваның (сол кездегі тегі) күйеуі Құлжа тасжолында оны ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтаған. Салдарынан продюсер ауыр жағдайда Талғардағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Кейін Есентаев ұсталып, ал 20 маусымда Баян ауруханадан шығарылған.