04.08.2018, 09:19

Ақтөбеде құрсақ көтере алмай жүрген әйелдерге ота жасалды

Ақтөбеде түрлі дертке шалдыққан әйелдерге ота жасалды. Жатыр ісігі, эндометриоз, жыныс мүшесі дамуының аномалиясы дертіне шалдыққан әйелдер отадан соң бала сүйе алады деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбедегі перенаталдық орталықта шеберлік сабағы өтіп жатыр. Эндоскопиялық хирургия әдісімен тек облыс орталығында емес, 8 аудандық ауруханада ота жасалады. Биыл Темір мен Ойыл ауданында эндовидеохирургиялық әдіс қолданылуда. Бұл әдіспен бедеулік дертіне шалдыққан 16 ақтөбелік әйелге көмек көрсетілді.

Шеберлік сабағын Алматыдағы репродуктивтік медицина институты ЭКО орталығының бас дәрігері Данияр Жақыпов өткізді. Ота жасау, әйелдерді жүктілікке дайындау, жасанды ұрықтандыру жолдарын ақтөбелік дәрігерлер меңгеріп, шеберліктерін шыңдады.

«Отбасылы адамдардың 16-17 пайызында бедеулік дерті бар. Сондықтан Ақтөбеде жасанды ұрықтандыру орталығы ашылып, эндоскопиялық әдіспен ота жасау да қарастырылды. Отадан соң әйелдер табиғи жолмен жүкті болады немесе жасанды ұрықтандыруға жол ашылады. Жергілікті дәрігерлер әйелді жүктілікке дайындаудың барлық жолын жетік меңгеру тиіс»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Алматыдағы репродуктивтік медицина институты ЭКО орталығының бас дәрігері Данияр Жақыпов елімізде жасанды ұрықтандыру бағдарламасына бөлінетін қаржыны арттыруға ұсыныс берілгенін жеткізді. Себебі, Еуропа елдерінде репродуктивті хирургияға емес, экстрокорпоральді ұрықтандыру бағдарламасына басымдық берілген.