Астана қаласының полиция қызметкерлері жыл басынан бері ұялы телефон ұрлаумен айналысқан 500-ден астам адамды қолға түсірді деп жазады ҚазАқпарат.
«Жыл басынан бері Астана қаласының полицейлері ұялы телефон ұрлықтарының 586 фактісін ашты. Ұялы телефондарды ұрлағаны үшін 512 адам ұсталды», – делінген хабарламада.
Елордалық тәртіп сақшылары бүгінгі күні ұялы телефон ұрлығы қылмыстың кең таралған түрі екенін айтты.
Осыған байланысты полицейлер азаматтардан жеке мүлкін сақтауға өте сақ болуын, көп адамдар жиналған орындарда жеке заттарын қараусыз қалдырмауын ұялы телефон ұрланған жағдайда шұғыл түрде полицияға хабарлауын сұрайды.
Сонымен қатар полицейлер телефон сатып алғаннан кейін оның қорабын сақтап қоюды немесе IMEI нөмірін жазба кітапшасына жазып қоюға кеңес берді. Себебі осы нөмірдің бар болуы қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді. Егер телефонның шотында көп ақша болса, онда ұялы байланыс операторына хабарласып, нөмірді бұғаттау қажет.
«Ұялы телефондарды ұрлау бүгінгі таңда ең көп тараған қылмыс түрі болып отыр. Ұрлық көбінесе адамдар көп жиналатын орындарда (саябақта, сауда үйлерінде, қоғамдық көліктерде, ойын-сауық мекемелерінде, спорт алаңдарында) жасалады. Спорт алаңдарында қараусыз қалған рюкзактар мен сөмкелер қаскүнемдер үшін ең жеңіл олжа болып табылады», – дейді полицейлер.
Көбінесе, алаяқтық пен тонау жасау кезінде ұялы телефондарды жымқыру жиі орын алады. Адамдар кей кезде өз телефондарын бейтаныс адамдарға қоңырау шалуға береді, ал олар болса ұялы телефонды алып, ізін суытады.
Осылайша «Алматы» ауданы ІІБ қызметкерлері азамат М. ұялы телефонын алдау арқылы иемденген күдіктіні ұстаған. Ол ұялы телефонды қоңырау шалу үшін сұрап алған және табанын жалтыратқан. Аталған факті бойынша «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталғанның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.