5 тамызда Индонезияның Ломбок аралында жойқын жер сілкінісі болды деп хабарлайды France-Presse агенттігі.
Жер асты дүмпуінің күші жеті баллды құрады. Эпиорталығы Матарам қаласының солтүстік-шығысынан 49 шақырым жерде орналасты. Ошағы 10 километр тереңдікте байқалды.
Reuters агенттігінің ақпаратында, жер сілкінісі кем дегенде 32 адамның өмірін жалмады.
Индонезияның табиғат апаты салдарын ауыздықтау агенттігінің төрағасы Сутопо Пурво Нугрохо Матарамда ғимараттардың қирап қалғанын айтты, кейбір жерлерде электр бағаны істен шыққан.
АҚШ-тың геологиялық қызметі цунами болуы мүмкін екенін ескертті. Арал тұрғындары жағажай мен өзендерден алыс жүре тұрулары тиіс.
Бали аралында жүргендер де жер сілкінісін сезінді.
Бали халықаралық әуежайы терминалының іші зақымданған, бірақ ұшу-қону сызығы зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда әуежай жұмысы қалпына келтірілді. Балидің кейбір аудандарында ғимараттар қираған.
Бұл – соңғы аптада Индонезияда болып жатқан екінші жер сілкінісі. 29 шілдеде Ломбокта 6,4 балдық жер сілкінісі болып, 17 адам қаза тапқан еді.
Дереккөз: Today.kz