Бұл туралы Роза Мұратов Facebook-тегі топтардың бірінде жазды. Оның айтуынша, оқыс жағдай бүгін түске қарай 35-бағдар автобусында болған деп жазады Вaq.kz.
Әйелдің айтуынша, оның қызы «Арнау» аялдамасынан автобусқа мінетін кезде жүргізуші есікті асығыс жапқан.
«Шамамен сағат 12.30-да 35-бағдар автобусының есігі менің 6 жасар қызымды қысып қалды. Оның қасында №69 мектептен алып келе жатқан 12 жастағы қызым болды. Қараөткел ауылындағы «Арнау» аялдамасынан үлкен қызым кішкентайымды қолынан ұстап автобусқа мінген. Сол кезде жүргізуші есікті жаба бастаған және балаларға айғайлаған. Сол жүргізушіні тауып, бетіне қарағым келеді. Науат Азанбаева (Astana LRT баспасөз қызметінің басшысы – ред.) бұл бассыздық қашан бітеді?» - деп жазды әйел.
Ал, байланыс орталығы Астана тұрғынының шағымына жауап қайтарды.
«Сіздің өтініміңіз iKomek – Астана қаласының бірыңғай байланыс орталығында №SD0776663 тіркелді және Астана қаласының тиісті органына жіберілді. Қарастырып болған соң сізге жауап беріледі», - деді «109» қызметіндегілер.