$ 494.87  520.65  4.91

Еліміздегі ең алғашқы онлайн-кітапхана Павлодарда ашылды

Павлодарда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада e-kitap.kz порталы іске қосылды. Оның таныстырылымы «Ұлы Дала Елі» фестивалінің аясында өтті деп жазады Білімді ел газеті.

«Біз Республикадағы алғашқы онлайн-кітапхананы аштық. Ашылу рәсіміне еліміздегі ұлттық және облыстық кітапханалардың директорлары қатысты», – деді кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова.

Қазіргі таңда 5 мыңнан астам оқулық цифрландырылған. Кітапхана мен автордың арасында келісім жасалса ғана кітап электронды нұсқаға аударылмақ. Аталған орталық алдағы уақытта электронды оқулықтардың санын арттыруды көздеп отыр.

«Біз кез келген кітапты сайтқа сала алмаймыз. Екіжақты келісім болған жағдайда ғана порталға орналастыруға құқығымыз бар. Егер де автордың қайтыс болғанына 70 жыл толып, артында мұрагерлері де  қалмаса біз оның кітабын жариялай аламыз», - деп түсіндірді Б.Байжанова.

Фестиваль аясында латын әліпбиінің аллеясы ұйымдастырылды. Ол бойынша келушілер аты-жөнінің бас әрпін жазып, фотоға түсе алады. Егер де сол суретті Instagram-ға #Ұлыдала2018pvl хэштегімен салып, көптеген лүпіл жинайтын болса жеңімпаз қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздарымен фотоға түсе алады. Яғни, 5-ші тамыз күні жеңімпаздар «Ертіс promenade» алаңында өтетін концертте «Жігіттер», Әлішер Кәрімов, Ернар Айдар және Ұлжан Айнақұловамен суретке түсуге мүмкіндігі бар. Кеш соңында тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік отшашу ұйымдастырылмақ.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында «Рухани қазына – 2018» фестивальінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздегі барлық кітап қоры электрондық форматқа көшетінін айтқан болатын. Осыған байланысты, бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде оқулықтарды электрондық нұсқаға көшіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік жоспарға сәйкес, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа мұражайлар ашылады. Бұған қоса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 3 жаңа кітапхана ашылмақ. Сондай-ақ, еліміздің 15 аймағындағы кітапханалар жаңа талаптарға сай жаңарту процесінен өтетін болады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы еліміздегі ең ірі кітапханалардың бірі саналады. Бір жылда 30 мыңнан аса оқырманды қабылдап, 900 мың кітаппен жаңартылады. Аталған кітапхана қызмет аясын кеңейту мақсатында көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруда.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары