Интернетті шулатқан «Синий кит» вирусы бірталай жасөспірімнің өмірін қыршынынан қиған болатын. Енді оның жаңа түрі шыққаны туралы таралған ақпарат көпшілікті дүр сілкіндірді. WhatsApp-та Момо есімімен танысып, өлімге итермелейтін адам пайда болды деп жазады NUR.KZ.
Испания елінде танылып үлгерген «Момо» әлеуметтік желіде адаммен танысып, оны қорқыта бастайды. Дәл «Синий кит» іспетті ол да сөйлесушінің мекен-жайы мен жеке мәліметтерінен хабардар екенін ескертеді.
Сондай-ақ, жантүршігерлік тапсырма беріп, адамды өз-өзіне қол жұмсауға бұйрық та беретіні анықталды.
Ең қызығы, бұл вирус жазып отырған адамның тілінде сөйлеседі екен.
«Момо» Испания және Аргентина елдерінде кең қанат жайған. Бұл мемлекеттерде тіпті адам өлімі орын алып, марқұмның ең соңғы сөйлескен адамы «Момо» болып шыққан.
Әзірге бұл вирусты ойлап тауып, бөтен адамдардың өміріне қауіп төндірумен айналысатындардың кім екені анықталған жоқ.
Полицейлердің айтуынша, олар адамның ұялы телефоны арқылы ол туралы барлық ақпарат пен нақты мекен-жайын біліп алады.
Бұл вирус желіде қызу талқыға түсіп, өзге ел азаматтарын біраз алаңдатып қойғаны рас. Көпшілік «Момо» туралы ақпаратты таратып, барынша басқа адамдардың хабардар болуына өз септігін тигізуде. Олар бұл әрекеттерімен басқалардың алдын ала дайын болып, қауіпке төтеп беру үшін жасап жатқандығымен түсіндірді.