Жаңалықтар 31.07.2015 сағат 03:07

Астанада 80 жастағы әжей тірідей жанып кетті

Астанада 80-нен асқан кейуана өз үйінде тірідей жанып кетті. Қария тұратын пәтерде газ балоны жарылып, өрт шыққан деп хабарладыКТК арнасы.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Көршілер көк түтіннің ішінен марқұмның жары мен немересін сыртқа шығарып үлгеріпті. Ал, аяғынан айырылған және көзі мүлдем көрмейтін мүгедек қартты құтқара алмаған. Тілсіз жаудың кесірінен екі қабатты үйдегі ондаған отбасы да баспанасыз далада қалды.

Қайғылы оқиға Астананың шетіндегі Пригородный деп аталатын елді мекенде болды. 20-ға жуық отбасы паналап келген екі қабатты үй қасқағым сәтте күлге айналған. Түнімен тілсіз жаумен алысып әбден әбігерге түскен жұрт әлі есеңгіреп  жүр.

 «Жанып жатқан мүгедек әжейдің жанайқайын естігенмен, құтқарып үлгермедік», – дейді көршілері.

Түн ортасында көрші пәтерден от шығып жатқанын алғаш болып байқаған – Кристиан. Ол еш ойланбастан қос қария тұратын үйге кіріп, құтқарушылар келгенше іштегілерді өзі сыртқа тасыған.

«Өрт небары бірнеше минуттың ішінде өршіп кетті. Тек тұншығып жатқан ата мен немересін сыртқа шығарып үлгердім. Ал, бір аяғынан айырылған және көзі көрмейтін әжейді құтқара алмадым», – дейді Кристиан Донощенков.

Өрт алдымен марқұмның пәтеріндегі электр сымнан тұтаныпты. Кейін асханадағы газ балоны жарылып, қос қабаттағы бірнеше пәтердің күлі көкке ұшқан. Тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешектің бірі қалмай жанып кетті. Тұрғындар сонда да жалғыз баспаналарынан айналшақтап кете алмай жүр.

Ал үйдің екінші бөлігі өрттен жартылай зардап шеккен. Қабырғалары құлап қалған пәтерлердің тұрғындары болса, жүгін жинап көшіп жатыр.

«Өрт сөндірушілер келгенде екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында 3 пәтердің өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің жалпы аумағы  280 шаршы метрді құрады. Қазір өрттік-тактикалық зерттеу тағайындалды, себебі анықталуда», – дейді Астана қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Аягөз Фазылова.

Оқиға орнында әкімдіктегілер де жүр. Шенеуніктер жағдайды түсіндірудің орнына камерадан қашып әлек. Дегенмен, баспаналары жанып кеткен тұрғындар уақытша жатақхана мен қонақ үйлерге орналастырылған.

Ал далада қалған жұртқа жаңа пәтер берілетін не берілмейтіні белгісіз. Жалпы, бұл үйдің салынғанына 50 жылдан асыпты. 10 жылдан бері құлағалы тұрған баспананы сүруге иелері рұқсат бермей келген екен.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар