$ 449.58  486.94  4.86

Азаматтық қоғамның рөлі артуда

Еліміздегі азаматтық сектор қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны белгілі. Сол себепті жыл өткен сайын «үшінші секторды» дамытуға мемлекет тарапынан жете мән берілуде. Мұндай жағдай Ақ Жайық өңірінде де айқын көрініс табуда.

Қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым болса, БҚО тіркелген ҮЕҰ-лардың саны - 645, оның ішінде 393-і нақты түрде қызмет етіп, 100-ден астамы белсенді жұмыс жасайды.

Азаматтық қоғамның рөлін арттыру - «100 нақты» қадам Ұлт жоспарындағы маңызды мақсаттардың бірі. Еліміздің тәуелсіздік жылдары қолжеткізген табыстары азаматтық сектордың қоғамдағы үлесімен тығыз байланысты. Қазір елмізде азаматтық қоғамның дамуы үшін мемлекеттік қолдау механизмдері нақтыланды. Яғни әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыстар, гранттар бөлу, ҮЕҰ-лардың кәсібилігін арттыру, ынталандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. 2016 жылы өткен облыстық ҮЕҰ форумының қорытындысы негізінде былтыр азаматтық қоғамды дамыту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынды. Жыл өткен сайын мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс көлемі өсуде. Облыстық басқармалар әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық бірлестіктермен бірігіп табысты жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына батысқазақстандықтар да үлкен үлес қосуда,-деді БҚО әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа бюджеттен 834 млн. теңге бөлініп, 14 бағыт бойынша 198 әлеуметтік маңызды жоба іске асырылуда.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары