15.08.2018, 10:44

Астанада 200 мұғалім жатақханаға орналасатын болды

Елордада баспанаға мұқтаж 200 мұғалім жатақханаға орналастырылады. Бұл туралы бүгін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты деп жазады ҚазАқпарат.

«Бірінші жатақхана таяу аралықта пайдалануға беріледі. Біз шамамен 200 мұғалімді орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір өтінімдер жинақталып жатыр, оған қайтадан келген мұғалімдер де қосылады. Арнайы құрылған комиссия құрамына қоғам, түрлі орган өкілдері кіреді. Бұл жатақхана орындарын барынша әділ бөлу үшін жасалған», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол елордада бағасы қолжетімді, сапасы жоғары хостелдердің бар екендігін атап өтті. Оларға өңірлерден жаңадан келген жас мұғалімдерді орналастыруға мүмкіндік бар. Мұнан бөлек, басқарма басшысы студенттерді хостелдерге жайғастыру мәселесіне тоқталды.

«Ағымдағы жылы әкім бастамасымен студенттердің тұруы үшін хостелдерді  іріктеу жүргізіп жатырмыз. Бірінші іріктеуді өткіздік. Ұсынылған 5000 орыннан комиссия 4 мыңын іріктеп алды. Бұл біздің қажеттілігімізді толықтай жаба алмайды. Сондықтан таяу уақытта байқау жарияланады. Барлық хостелдер мен қонақүй үйлерін байқауға қатысуға шақырамыз», - деді Әнуар Жанғозин.