15.08.2018, 16:06

Ашхабадта ер азаматтарға шаш бояуға тыйым салынды

Ашхабадта сұлулық салондары мен шаштаразда ер азаматтардың шаштарын бояуға және бастарына түрлі суреттер салуға тыйым салынды деп жазады centralasian.org.

Азатлык (Азаттықтың түркімен қызметі) тілшісінің хабарлауынша, сұлулық салонының біріне прокуратура қызметкерлері келіп, ерлердің шаштарын бояуға тыйым салынатынын ескертіп кеткен. Бірақ ешқандай жазбаша нұсқау болмаған. Дәл осындай ескертуді өзге шаштараздар да айтады.

Былтырдан бері Түркіменстан астанасында ер азаматтар мен жеткіншектер арасында шаш бояу сәнге айналған. Мұндай тренд әсіресе шетелдік компанияларда, дипломатиялық мекемелерде қызмет ететін ер азаматтар мен шығармашылық өкілдері арасында кең таралған.

Биыл сәуір айында Түркіменстан билігінің шашты ашық түске бояуға және шетелден шаш бояуларды әкелуге рұқсат етпейтіні жөнінде ақпарат құралдары кеңінен жазған.