04.08.2015, 06:04

Шымкент пен Шардара арасында ұшақ қатынайды

vk.com

Бүгінгі таңда Шардарада туризм аймағын салу үшін ілкімді жұмыстар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, қаладағы ескі әуежайды қалпына келтіру жоспары да біраздан бері көтеріліп келе жатқан. Бұл екі нысан да облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған мәселе еді.

Шардараға жасаған іссапары кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов әуежай алаңына ат басын арнайы бұрып барды. Ұзындығы 1625 метр, бетондалған ауданының көлемі 75000 шаршыметрді құрайтын аэропорт кешенінде көп жылдардан бері тыныштық орнаған-ды. Басқарма басшыларымен қаржы мәселесін ақылдасқан Асқар Исабекұлы әуежайды қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау үшін тапсырма берді. Дәлірек айтатын болсақ, бір ай көлемінде жұмысшы тобы құрылып, жөндеу жұмыстары басталмақ.

Аймақ басшысынан тапсырма алған облыстық энергетика, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров: -Жұмысшы тобын құру жөнінде облыс әкімі шешім шығарды. Әуежайды қайта құрылымдау жұмысы бір ай көлемінде басталып, екі айдың ішінде аяқталуы тиіс. Бұл шаруаға 200 млн теңге қаржы жұмсалмақшы. Жөндеу жұмыстары «Оңтүстік СПК» арқылы жүргізіледі. Алла жазса, екі айдан кейін Шардараның әуежайы алғашқы ұшақтарын қабылдайтын болады деп жоспарлап отырмыз, - деді.

Аудан әкімінің орынбасары Тұрсынқұл Байтұрғановтың айтуынша бастапқы уақытта Шардара әуежайынан Шымкент бағытына ұшақтар ұшырылады да, келешекте Алматы мен Астана бағыттарына рейстер қойылмақ. \

«Туризмді дамыту үшін әуежайды іске қосудың маңызы өте зор. Облыс орталығы мен басқа да қалаларда тұратын азаматтар біздің шалқар көлімізге демалу үшін әуе көлігімен әп-сәтте ұшып келе алатын болады. Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына әруақытта да қолдау көрсетіп отыратын Асқар Исабекұлының бұл қамқорлығына шардаралықтардың алғыстары шексіз», - дейді Т.Байтұрғанов.